Қызылорда облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан тұрғын ұсталды
Қызылорда облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғатты қорғау және заңсыз аңшылықтың жолын кесу.
Аталған іс-шара аясында полицейлер аңшылықпен айналысатын азаматтардың атыс қаруларының тиісті құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салуда.
Тәртіп сақшылары үш күн ішінде Арал ауданы Райым елдімекенінің маңында рейд жүргізу барысында тұрғынның заңсыз түрде 17 үйрек пен 38 қасқалдаққа ұқсас құсты атып алғанын анықтады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар басқа елдімекендерде жүргізілген тексеру нәтижесінде ішкі істер органдарында тіркеуде жоқ екі 16 калибрлі аңшы мылтығы анықталып, құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.