Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында жаңа "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Қызылорда облысында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі басшылығының қатысуымен Отан алдындағы парызын өтеген батыр да қайсар Қайрат Қалеков атындағы "Жас сақшы" полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараны Қызылорда облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Асқар Балқожаев құттықтау сөзімен ашып, жас өрендердің болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары болатынына сенім білдірді. "Жас сақшы" полиция сыныбының мақсат, міндеттеріне тоқталып, ант қабылдау рәсімінде жас сақшыларға куәліктерін табыстады.

Қайрат Қалеков – 1993 жылдан бастап ішкі істер саласында патрульдік-бекет милиционері лауазымында қызмет атқарған.

1998 жылы 12 ақпанда – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Жаңақазалы кентінде спирттік ішімдік ішіп, мас күйде жүрген, бұрын сотталған азамат қолындағы аңшы мылтығымен бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды.

Оқиға орнына алғаш болып жеткендердің бірі – патрульдік-бекет қызметін атқарып жүрген Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің милиционері, милиция сержанты Қайрат Қалеков болатын. Ол тәртіп бұзушыны тоқтатуға тырысқан сәтте, қаскөй тура оқ атып, сақшыны ауыр жарақаттады.

Кейін қосымша күш келіп, қылмыскер ұсталғанымен, ауыр жараланған Қайрат Қалеков емханаға жетпей көз жұмды. Ол өз өмірін қатерге тігіп, бейбіт тұрғындарды қорғай білді. Бұл – нағыз батырлықтың үлгісі.

Қаза болған соң Қайрат Қалеков Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

– Ер есімі – ел есінде. Ақырғы демі қалғанша антына адал болған әріптесіміздің ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылып отыр. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді, – деді Асқар Балқожаев.

Шара соңында Қызылорда облысы полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнер көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру