Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзған 66 сотталғанға ескерту жасалды
Қызылорда облысында 66 сотталғанға жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін ескерту жасалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10-23 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы аумағында "Есепте тұрған тұлғалар" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Қызылорда облысы бойынша аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде шамамен 1000 сотталған тұр. Пробация қызметінің инспекторлары мен жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция қызметкерлері бірлесе отырып, есепте тұрған тұлғалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында сотталғандардың тұрғылықты мекенжайлары мен жұмыс орындары тексеріліп, олардың пробациялық бақылау талаптарын сақтауына ерекше назар аударылды.
Тексеру нәтижесінде 66 сотталғанға жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін ескерту жасалды. Сонымен қатар 11 сотталған азаматтың әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жаза өтеудің міндеттері мен тәртібін бұзған 28 сотталғанға қатысты жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыныстар жолданды.
Аталған іс-шаралар пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және олардың әлеуметтік оңалуына ықпал ету мақсатында тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Пробация қызметі алдағы уақытта да осындай алдын алу шараларын жалғастыра отырып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр.