Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзған есептегі сотталғандар ескерту алды
Қызылорда облысында жаза өтеу тәртібін бұзған есептегі сотталғандар ескерту алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (Ұрлық) кінәлі деп танылып, үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына тағайындалған Шиелі кентінің тұрғындары А. және Е. есімді азаматтар Шиелі аудандық пробация есебіне алынады.
Пробация инспекторлары есепке алынған азаматтарға сот жүктеген міндеттерді, олардың жауапкершілігін түсіндіріп, ҚР ҚАК-нің 66-бабының 6-тармағына (Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу шарттары) сай әр айдың 10-ы мен 25-і аралығында пробация қызметіне келіп тіркелуі керек екендігін түсіндіреді. Алайда аталған сотталған азаматтар өз жауапкершілігін біле тұра, пробация қызметіне тіркеуге келмей, жаза өтеу тәртібін бұзған.
Аталған сотталғандар пробация қызметіне шақыртылып, пробация инспекторларымен түсіндірме сұхбат жүргізіліп, екі сотталғанға ҚР ҚАК-нің 68-бабына сәйкес (Бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы жазбаша ескерту) түрінде жазалау шарасы қолданылды.
– Қазіргі таңда Шиелі аудандық пробация қызметінің есебінде 60-тан астам сотталған тұр. Әрбір пробация есебіне алынған сотталған сот үкімімен өзіне жүктелген міндеттерді орындауға, пробация қызметінің қойған заңды талаптарына бағынуға міндетті. Жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған жағдайда ҚР ҚАК-нің 68-бабынынң 2-бөлігіне сай бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал ұсынамыз. Жыл басынан жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған бір сотталғанның іс-құжаттары бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру үшін сотқа жолданды, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Самат Қалмағанбетов.