Қызылорда облысында жазасын өтеушілермен психологиялық жұмыс үздіксіз жүргізіледі
Қызылорда облысында жазасын өтеушілермен психологиялық жұмыс үздіксіз жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты № 37 мекемеде жазасын өтеушілермен тұрақты түрде психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар сотталған азаматтардың дүниетанымын өзгертуге, болашаққа деген үмітін арттыруға және өмірлік мақсаттарын қалыптастыруға бағытталған.
Психолог маман Ақгүл Аманова сотталғандармен жүйелі түрде психологиялық тренингтер мен жеке сұхбаттар өткізеді. Мұндай шаралар арқылы сотталғандар өздерін тереңірек түсініп, өткен қателіктерін саралай алады. Сонымен қатар олар жаңа көзқарас қалыптастырып, өмірге деген жаңа үмітпен қарайды. Бүгінгі өткен тренингтің тақырыбы «Көлікті көз байлап жүргізу» деп аталды.
Ақгүл Аманованың айтуынша, мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтардың басым бөлігі жол-көлік оқиғасына себепкер болғандар. Сондықтан бұл тренинг олардың өз қателіктерін түсініп, жауапкершілік сезімін арттыруға, сондай-ақ болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
– Жасаған қателігімді мойындаймын. Кінәлімін. Жазамды өтеп жатырмын. Қанша жыл көлік жүргізгенмен, қате аяқ астынан болуы мүмкін. Бас бостандығынан айырылған соң отбасыңды, болашағыңды көп ойлайсың. Осындай тренингтерге қатыса отырып, ойым бөлінеді. Психолог маманға алғыс айтамын, – деді сотталған азамат.
Бұл психологиялық жұмыстар сотталғандардың өздерін түзеуге, өмірге деген сенімдерін нығайтуға және болашақта қателік жасамауға көмектеседі.