Қызылорда облысында жеке құраммен кездесу өтті
Қызылорда облысында жеке құраммен кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңдылық және тәртіп — тек заңды және нормативтік құқықтық актілерді сақтау ғана емес, басқа да белгіленген жеке қағидаларды орындау. Ішкі істер органдарының қызметкерлері әрбір азаматтың құқығын, бостандығы мен денсаулығын, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететіні белгілі. Өз кезегінде полиция қызметкерлерінің арасындағы заңдылық пен қызметтік тәртіптің сақталуына тиісті бақылауды жүзеге асыру күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Осы ретте бүгін Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров төрағалығымен жеке құраммен кездесу өтті.
Жиын барысында полиция қызметкерлерінің арасында орын алатын заң бұзушылықтарға жол бермеу мәселесі кеңінен қаралды. Жалпы бүгінгі таңда Қызылорда облысының полиция департаментінде жеке құрам арасында заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық алдын-алу іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар қабылдау жұмыстары департамент басшылығының ерекше бақылауында.
Жемқорлыққа жол беретін жағдайлар мен себептерді жоюға айрықша назар аударылып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдануда.
— Жеке құрам арасында қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау, төтенше оқиғаларға жол бермеу – ол ең өзекті мәселе ретінде қарастырылып, күнделікті жұмысымыз осы бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырудан басталады. Жеке құрам арасында қылмысқа жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын, алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету шараларын ұйымдастырып келеміз.
Өрескел тәртіп бұзушылықтарға жол берген қызметкерлер бойынша Тәртіптік комиссия отырыстарын барлық жеке құрамды қатыстыра отырып ашық түрде өткізу тәжірибесін енгіздік. Республика көлемінде жеке құрамның қатысуымен орын алған кез келген тәртіп пен заң бұзушылықтар фактілері күнделікті таңғы және кешкі таралымдарда жеткізілуде, — деді О.Омаров.
Кездесу соңында департамент бастығының орынбасары бөлініс басшыларына жеке құрам арасында заңдылық пен қызметтік тәртіптің сақталуына тиісті бақылауды жүзеге асыру мақсатында жеке құрам арасында заң бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларын азайту және автокөліктік тәртіпті орнатуға, тәртіпті бұзуға бейім қызметкерлерді анықтауға бағытталған профилактикалық алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде жүргізуді тапсырды.