Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында жол ережелерін бұзудың 1044 дерегі тіркелді

Қызылорда облысында үш күнде жол ережелерін бұзудың 1044 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы ПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бақыт Молдабековтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес жол көлік оқиғаларының алдын алу, көлік құралдарының жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 17-ші мамыр мен 16-шы маусым аралығында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.

Іс-шараның үш күнінде 1044 жол ережелерін бұзу деректері анықталды. Оның ішінде жаяу жүргіншілер өткелінде, оларға жол бермеген 32 жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 600-бабымен (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) 10 АЕК айыппұл салынды. Жаяу жүргіншілер тарапынан 89 жол ережесін бұзу дерегі анықталып, әрқайсысына 2 АЕК айыппұл салынды. Одан басқа көлікті мас күйде жүргізген 11, қажетті құжатсыз басқарған 25 жүргізуші анықталып, тиісті шаралар қолданылды.

Ағымдағы жылдың төрт ай қорытындысымен жол-көлік оқиғалары – 12% (122-ден 107-ге), жарақат алғандар – 6% (149дан 14-ге) төмендеді. Дегенмен, жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болғандар саны +71% (14-тен 24-ке) өскен.

Жалпы ауыр дене жарақатын алған жол көлік оқиғалары республикалық маңызы бар тасжолдарда орын алуда. Онда ЖКО 62% (с 8 до 13), қайтыс болғандар 133% (с 3 до 7), жарақат алғандар 70% (с 10 до 17) артқан. Орын алған жол-көлік оқиғалары зерделеніп, әкімдіктер мен құзырлы органдарға жол қауіпсіздігін жақсартуға ұсыныстар жолдануда.

2020 жылы қала орталығында 13 «Аркан» автоматтандырылған стационарлы жылдамдық өлшегіш құралы іске қосылды. Сондай-ақ ЖКО алдын-алу бағытында ұсыныстар келтіріліп, қала, аудан орталығында 490 шақырым автомобиль жолдары жөнделіп, 68 көшеге 100 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары салынып, 40 шақырым көшелер жарықтандырылып, жаңадан 315 жол белгілері орнатылды.

Қала әкімдігінің қолдауымен үш бағдаршам жүйесі орнатылып, бес бағдаршам арнайы дыбыстық сигналдармен жабдықталса, жол қиылысында екі оңға бұрылу арналар қолданысқа берілді.
Жол апатының алдын алу бағытында басқа да жедел профилактикалық шаралары ұдайы түрде жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру