Қызылорда облысының бас полицейі Арал және Қазалы ауданының тұрғындарын қабылдады
Қызылорда облысының бас полицейі Арал және Қазалы ауданының тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығын жүзеге асыру аясында Қызылорда облысының әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді.
Аталмыш шара Арал ауданынан бастау алды.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде өткізілген жеке қабылдауға Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов та қатысты.
Жеке қабылдау Арал ауданының Оқушылар үйінде өтті. Полиция департаменті бастығының қабылдауына Арал ауданының 12 тұрғыны жазылды. Олар түрлі сипаттағы шағымдарымен және сауалдарымен жүгінді.
Мәселен, Сексеуіл кентінің тұрғыны ауылдың учаскелік полиция инспекторларына қызметтік автокөлік бөлуге ықпал жасауын сұрап, өтініш білдірді. Департамент бастығының қабылдауына келген тұрғындардың әрқайсысының толғандырған мәселелері тыңдалып, заң шеңберінде жауаптар берілді. Әр сауал назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін сала басшыларына тез арада шешім қабылдап, арызданушыларға заңмен көрсетілген мерзімде жауап беру үшін нақты тапсырмалар берді.
Сонымен бірге, департамент бастығы аймақ басшысымен Арал ауданындағы «Руханият орталығы» ғимаратының жер учаскесіне ағаш отырғызды.
– Жылдар өте бұл көшеттер ауданның көркіне айналады. Ағаш отырғызу арқылы біз болашақ ұрпаққа табиғат анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді қоспақпыз. Ендігі жерде еліміз бен жеріміздің көркейіп, көктей беруін бірауыздан тілейміз, – деді Махсудхан Аблазимов.
Жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты. Қабылдау барысында ауыл тұрғындарының өздерін мазалаған мәселелері бойынша сауалдары және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатындағы ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Жеке қабылдауға шағым, ұсыныстарымен келген тұрғындарды Махсудхан Аблазимов мұқият тыңдап, заң аясында кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қабылдау барысында түскен барлық мәселелерді департамент бастығы бақылауға алды, олардың басым бөлігі кездесу барысында шешілді.
Сондай-ақ департамент бастығы өзінің азаматтық ұстанымын, ұсыныс-пікірін білдірген азаматтарға алғысын білдіріп, түйткілді мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Жалпы, екі ауданда өткізілген жеке қабылдау барысында департамент бастығы 30-ға жуық азаматтарды қабылдады.