Қызылорда облысының бас полицейі азаматтарды жеке қабылдады
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов азаматтарды жеке қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке қабылдауға жүгінген азаматтардың мәселелері тек құқық қорғау саласына ғана қатысты емес, басқа да ауқымды мәселелерді қамтыды.
Облыс орталығының және аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелері бойынша департамент бастығына сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Жеке қабылдауға 7 адам келді. Махсудхан Аблазимов азаматтарды мұқият тыңдап, ұсынылған құжаттарды зерделеп, заң аясында түсіндірме берді. Барлық сұрақтарды жеке бақылауына алып, орынбасарлары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысы заң аясында объективті түрде қаралатын болады. Белсенді азаматтық ұстанымы бар тұрғындармен бірге бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Біздің мақсатымыз – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың конституциялық құқықтарын қорғау, – деп атап өтті ПД бастығы Махсудхан Аблазимов.
Айта кетейік, полиция департаменті бастығының қабылдауына жазылуды құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүргізеді. Азаматтар қабылдауға egov.порталы, E-otinish бірыңғай базасы немесе департаментке келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады. Байланыс телефоны: 8 (7242) 29-56-87.