Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының бас полицейі жыл басындағы жұмыс қорытындысын жариялады

Қызылорда облысының бас полицейі жыл басындағы жұмыс қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов жедел кеңес өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Кеңеске департамент бастығының орынбасарлары, басқарма мен бөлім басшылары, сондай-ақ жеке құрам өкілдері қатысты.

Жиында бір ай ішінде құқық бұзушылықтар мен қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендегені атап өтілді. Сонымен қатар ішкі тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері, сондай-ақ жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері жан-жақты талқыланды.

Кеңесте Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі қылмысқа қарсы күрес бойынша жүктеген міндеттер де кеңінен түсіндірілді. Министрдің тапсырмасына сәйкес, профилактикалық жұмыстарды күшейту, бұл бағытқа қоғамды тарту, жеке тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу және жергілікті жерлерде құқық тәртібін нығайту шаралары басым бағыттар ретінде белгіленді. 2025 жыл "Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде" деп жарияланды.

— Бүгінде полицияға артылған жауапкершілік жоғары. Құқық қорғау органдарының негізгі міндеті – жазалау емес, халықтың қорғаны болу. Тұрғындар қиын сәтте полицияны көмекке келетін күш ретінде қабылдауы тиіс. Қазір тәртіп сақшыларының әрбір іс-әрекеті мен сөзі халықтың назарында. Сондықтан жеке құрамға қойылатын талаптар күшейтіледі, — деді Серік Ергешов.

Сондай-ақ кеңес барысында "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Департамент бастығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, жол қауіпсіздігі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, экстремизмнің алдын алу, алаяқтық пен киберқылмысқа тосқауыл қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Ергешов жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелерін саралап, алдағы уақытта бұл бағыттағы шаралардың тиімділігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру