Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының бас сақшысы тұрғындарға есеп берді

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Департамент бастығы атқарылған шаралар жөнінде облыстық телеарнаның тікелей эфирінде баяндап, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық бас полицейі өңірде криминогендік ахуалдың тұрақты екендігін айтты.

Азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау деңгейін арттыруда, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құруда, полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тиімді ұйымға айналдыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер министрлігінің бастамасымен Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл маңызды стратегиялық құжат осы жылы қабылданады. 

– Тұжырымдамада өзара іс-қимылдың алгоритмі құрылады. Онда Үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Дағдарыс орталықтарының желісі кеңейтіледі. Отбасы-тұрмыстық жағдайдағы қылмыстардың көбісі мас күйінде жасалады. Алкоголь өнімдерін сату орындарын шектеу, оған қарсы жарнаманы енгізу бойынша қылмыстың алдын алу жүйесі құрылады. Мұндай қылмыстардың шынайы себептері: әлеуметтік тұрақсыздық, моральдық-адамгершілік негіздерінің құлдырауы, алкоголизм, нашақорлық, лудомания, –  деді департамент бастығы. 

Жалпы, облыс көлемінде тіркелген қылмыс саны 16 пайызға, оның ішінде, аса ауыр қылмыс деңгейі, ұрлық, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, бұзақылық, қарақшылық, алаяқтық, интернет-алаяқтықтың  саны төмендеді.    

Кәмелетке толмағандармен, қарумен жасалған қылмыстар азайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу пайызы жақсарды. Адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, бұзақылық қылмыстарының ашылуы 100 пайызды құрады. 

Махсудхан Аблазимовтың есеп беру барысында жол қауіпсіздігіне аса көңіл бөліп, алдын алу шараларына тоқталып өтті. 

– Бүгінгі таңда қауіпсіз жолдар жеткіліксіз. Сондықтан тұжырымдамада жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту көзделген. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзатын жүргізушілер пайда болды.

Мысалы, облыста жолда жүру ережесін бұзудың 137 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 63 мыңнан аса дерегі жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жүргізушілерді тәртіпке келтіру үшін қазіргі уақытта «Қорғау» жүйесі, мобильдік жылдамдық өлшегіштері бар автомобильдер қолданысқа енгізілді. 10 «Ekin Patrol G2» және 21 «Vuewo» мобильді кешенінің қолданысқа енгізілуі облыста жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар санын төмендетті, – деді ол.

Махсудхан Аблазимов қазіргі таңда белең алған қылмыстардың бірі – интернет алаяқтыққа да тоқталып өтті.

– Бұл қылмыстан халыққа елеулі қаржылай шығын келуде. Мұндай қылмыс күнделікті тіркеліп жатыр. Интернет мүмкіндігін пайдаланған алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.

Ең жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың түрі: интернет арқылы сауда жасау, қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену арқылы бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу.

Интернет-алаяқтықтың 108 дерегі тіркеліп, 14-і ашылды. Бұл әрине төмен көрсеткіш, аталған қылмыс түрін ашудың өз қиыншылықтары да бар. Алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру қызметтерін пайдаланады. Ұрланған ақша халықаралық аударым қызметтері арқылы алынады. Бұл ретте, бас ұйымдастырушылар шетелде және онлайн режимінде процесті басқарады. Сондықтан дер кезінде ашу қиындық туғызады, «ізін суытпай» ашу көрсеткіші төмен. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі туралы еске саламын, – деді департамент бастығы.    

2021 жылдан бастап елімізде мүлікті қорғау бойынша министрліктің бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

– Осының нәтижесінде соңғы 3 жылдың ішінде ұрлық саны 28 пайызға төмендесе, есепті мерзімде 25 пайызға қысқарған. Ауылдық жерлерде мал ұрлығымен күрес мәселесі әлі де өзекті. Сол себепті, қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» деген жеке бап енгізіліп, соңғы 3 жылда бұл қылмыс түрі 59 пайызға азайды. 

Тоқсан сайын «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Биыл мал ұрлығымен айналысқан 4 топ ұсталып, 22 эпизодты ұрлық дерегі ашылды.  Ветеринария қызметімен бірлесіп, тиісті құжатсыз мал тасымалдаған 54 жүргізушіге шара көрілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде мал ұрлығының саны 55 пайызға төмендеді. Жалпы өңірде 35 мал ұрлығы тіркеліп, келтірілген 33 млн 146 мың теңге шығынның 24 млн 573 мың теңгесі немесе 74 пайызы өндірілді. Сондай-ақ бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – пәтер ұрлығы. Пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында «Пәтер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде 7 пәтер ұрлығы ашылды. 

Пәтер ұрлығының көпшілігі бейнекамералармен, интеркомдармен, дабылдармен жабдықталмаған үйлерде болады. Департамент бастығы облыс тұрғындарына пәтер, үй ұрлықтарының алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырды. 

Қазіргі уақытта есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытында республика көлемінде «Қарасора -2023» кең ауқымды жедел профилактикалық шарасы өткізілуде. Рейд барысында 39 есірткі қылмысы тіркелсе, оның 12-сі – есірткі өсіру, 8-і – ірі көлемде өсіру, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау – 3, есірткіні өткізу бойынша 2 дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 1 тонна 615 келі 939 грамм есірткі алынса, оның 5 келі 605 грамы – марихуана,  1 тонна 610 келі 329 грамы – каннабис, 5 грамы гашиш болған.

Бұдан бөлек, полиция департаментінің бастығы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшейтілгендігіне де тоқталып өтті. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын атап өтіп, алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті  күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді.

– Есепті мерзімде жанұя жанжалын шығарған 353 тұлғаға әкімшілік кодекстің 73-бабымен шара көріліп, 357 құқық бұзушының мінез құлқына ерекше талап орнатылды, яғни алкоголь өнімін қолдануға, қару алып жүруге не сақтауға тыйым салынды.

Отбасы тиранынан жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1345 қорғау нұсқамасы шығарылды. 57 маскүнем сот арқылы еріксіз емдеу мекемесіне жатқызылды. Тиісті рейдтік шаралар жүргізіліп, жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 86 кәсіпкер, темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 5 тұлғаға, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 8 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қылмыстарды болдырмау мақсатында «Тұрмыс», «Профилактикалық апталығы», «Есептегі тұлға» профилактикалық шаралары ұйымдастырылды, – деді облыстың бас полицейі.

Жалпы, бүгінгі таңда ішкі істер органдары ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастады. Жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары қабылданып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, полиция қызметінің халыққа ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында полиция бөліністерінде жаппай бейнебақылау 100% іске қосылды.

– «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» аясында жеке құрам 100 пайыз қамтылып, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергелуде. Бұл жүйе азаматтарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. «Кілеммен жабу» жобасы аясында облыс көлеміндегі 28 659 бейнебақылау камерасының 9689-ы жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге қосылған. 

Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелері – 15 «Дабыл батырмасы» орнатылды. Олардан түскен сигнал дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі. Мемлекет пен қоғам арасында ашық қарым-қатынас моделі құрылды.

Азаматтар арасындағы проблемалық мәселелерді анықтап, оларды жою жолдарын қарастыру мақсатында халықпен жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Біздің басты міндетіміз – ХХІ ғасырдың жаңа, ашық, кәсіби және құзыретті қазақстандық полициясын құру, – деді департамент бастығы.

Департамент бастығының тікелей эфирде есеп беру барысында тұрғындардың бірі ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, зейнеткерлікке шығу тәртібі және жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне  сәттілік тіледі. 

Махсудхан Аблазимов тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдап, зерделеп, арнайы құрылған топқа тапсырма берді. Барлық өтініштер полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру