Қызылорда облысының мәслихат депутаттары ПД-ның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты
Қызылорда облысының мәслихат депутаттары полиция департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары Әмірбек Шаймағамбетов және Аида Әбибуллаева полиция департаментінің басшылығымен кездесті. Кездесу барысында депутаттар департаменттің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Жедел басқару орталығында оларға бейнебақылау камераларының мүмкіндіктері, “102” мобильді қосымшасының, кеудеге тағылатын бейнетіркегіштердің жұмысы көрсетілді.
Полиция департаментін аралау барысында жергілікті атқарушы органдардың көмегін қажет ететін бірқатар мәселелер айтылды. Полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі де қозғалды. Мәслихат депутаттары полицияның жұмысына оң бағасын беріп, заманауи техника және ресурстармен жарақтандырылуын кезең-кезеңімен нығайту қажет екендігін атап өтті.
Сонан соң депутаттар Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы Д.Беркімбаевпен кездесіп, уақытша ұстау изоляторына барды. Изолятордың тыныс-тіршілігімен танысып, режимдік корпустарын аралады. Оларға изолятор қызметін ұйымдастыру жайлы ақпарат берілді.
Бүгінде елімізде полицияның жұмысына барынша қолдау көрсетіліп, оңтайлы жағдай жасалып жатыр.
Облыста бүгінде қылмыс деңгейі айтарлықтай азайып, қазіргі уақытта өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Осы тұрғыда полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау – қылмыс санын азайтуға септігін тигізіп келеді.