Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының ПД бастығы халық алдында есеп берді

Бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Дәстүрлі есеп беру жиынында облыстың бас полицейі ең өзекті жұмыс процестері туралы баяндама жасады, сондай-ақ өңір тұрғындарын қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді. Есептік кездесу облыс орталығындағы Достық үйінде өтті.

Халыққа есеп беру шарасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" жарлығын іске асыру барысында қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықтың елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар болуын арттыру, атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін күшейту, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында өтті.

Есептік кездесудің өтуі жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланып, облыс тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды. Есеп беруді бастамас бұрын департамент бастығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенділіік танытқан облыс тұрғындарын марапаттап, алғысын білдірді.

Сонан соң департамент бастығы өз сөзін жыл басынан атқарылған шараларды қорытындылаудан бастады. Есептік кездесуге келген облыс тұрғындарының назарына есепті мерзімде атқарылған жұмыстар қамтылған бейнеролик пен слайдтар ұсынылды.

- Қылмысқа қарсы күрес және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Облыс көлемінде тіркелген құқық бұзушылықтар саны 4%-ға, қылмыс 11%-ға
төмендеді. Жалпы облысымызда қылмыс деңгейінің оң динамикасы байқалады, мысалға, соңғы 5 жылда қылмыс саны 25 пайызға азайған, - деді департамент бастығы.

Тұрғындармен кездесу барысында департамент басшысы қоғаммен өзара байланыс орнату, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар ПД бастығы ұрлық, есірткі қылмысы, жол қауіпсіздігіне де аса көңіл бөліп, алдын алу шараларына тоқталып өтті.

- Есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Есірткімен бір рет байланыс орнатудың өзі жасөспірімнің өмірін, болашағын бұзуы мүмкін.Бұл – ойын емес, бұл заңмен қудаланатын ауыр қылмыс. Есірткімен күресте біз тек жазалаушы емес, қорғаушы күш болуға тырысудамыз. Бірақ бұл күресте әр отбасының, әр мектептің, әр азаматтың үлесі қажет, - деді С.Ергешов.

Келесі өзекті мәселенің бірі – жол көлік оқиғалары. Себебі жолдағы әрбір ереже бұзушылық – адам өміріне тікелей қауіп. Департамент тарапынан облыс жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда.

2025 жылдың бірінші тоқсанында 233 оқиға тіркеліп, олардың салдарынан 17 адам көз жұмса,
307 адам жарақат алды. Бұл – жәй ғана сан емес, бұл жазықсыз жанның өмірі, орны толмас қайғы. Талдау көрсеткендей, анықталған жолда жүру ережесін бұзудың 46 пайызы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті талдаумен осал жерлер нарядпен тығыздалды. Тұрақты және үздіксіз жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізілуде.

Қазіргі таңда цифрландыру процесінің жедел қарқыны қоғам өмірінің барлық саласына еніп, азаматтардың интернеттегі белсенділігі артуда. Ол өз кезегінде интернет желісіндегі құқық бұзушылықтарды, оның ішінде интернет-алаяқтықтың кең таралуына себеп болды.
Департаментте азаматтарды киберқылмыстан қорғауға бағытталған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жасақталған. Одан бөлек интернет-алаяқтыққа қатысы бар тұлғаларды анықтауға мүмкіндігі бар аппараттық-бағдарламалар іске қосылған. Бағдарламалардың көмегімен 49 қылмыс ашылып, 30 алаяқ құрықталса, 2 киберқылмыстық топ пен 3 дроппер ұсталды. Жалпы 36 қылмыскер құрықталып, хабар-ошарсыз кеткен 191 тұлға табылды.

- Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес кешенді әрекетті талап ететін жұмыс. Киберқылмыстың алдын алу – бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның жауапты ісі. Себебі бұл қылмыс қоғамның жалпы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруде. Ал полиция органдары азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық, ақпараттық және ұйымдастырушылық шараларын жалғастырады, - деді департамент бастығы.

Департамент басшысы есептік кездесуді халықтың ұсыныс-пікірін, өтініш-тілегін тыңдаумен жалғады. Халықпен кері байланысты тиімді орнатуға бағытталған шара барысында ниет білдірген әр азамат өзін қызықтырған сауалын қойып, департамент бастығынан тиянақты жауап ала алды. Түрлі мазмұнда сұрақтар қойылып, пікірлер мен ұсыныстар түсті. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов әр мәселенің назардан тыс қалмай, уақытылы шешімін табатындығын айтты. Арнайы құрылған топқа тапсырма берді.

Кездесу соңында С.Ергешов барлық азаматқа белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, полиция жұмысының басты мақсаты - қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау екендігін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру