Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының ПД бастығы жергілікті тұрғындармен жүздесті

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан өңір тұрғындарымен онлайн режимде жүздесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу Полиция департаментінің “Facebook” әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті. Кездесу туралы хабарлама әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы жарияланған болатын. Хабарландыруға сәйкес облыс тұрғындары ПД бастығына сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер арқылы жолдауға мүмкіндік алды. Онлайн кездесу барысында барлық аудандық полиция бөлімдері бейнеконференция режимінде байланыста болды.

Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы кездесу барысында “102” мобильді қосымшасының ерекшеліктері мен қолданылу тәртібі  туралы айтып, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюдың, қылмыстарды ашудың тиімділігі артатынын сөз етті.

Сондай-ақ ол Интернет-алаяқтықтардың санының артқанын айта отырып, облыс тұрғындарын сақтық шараларына ерекше назар аударуға шақырды.

Онлайн режимде өткен Департамент бастығының халықпен кездесуі тек атқарылған жұмыс бойынша есеп беру ғана емес, облыс тұрғындарымен сындарлы диалог құру тәсілі болып табылады. 

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт екендігі белгілі. Тікелей эфир кезінде Департаментке жалпы саны 50-ден астам түрлі санаттағы өтініш пен ұсыныстар легі келіп түсті. Тұрғындардың бірі белгілі бір аймақтарда жылдамдық өлшеуіш құрылғыларын орнату мәселесін шешуді ұсынса, енді бірі ішкі істер органдарына қызметке қабылдау мәселесін шешуді, келесі бірі зейнеткерлікке шығу тәртібін нақтылауды, сондай-ақ жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алуды көздеді, сонымен қатар полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тілеген тұрғындар да болды.

Бектөре Жеңісбайұлы тікелей эфир барысында тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдап, арнайы құрылған топқа тапсырма берді. Келіп түскен барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру