Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының полициясында егіз тәртіп сақшылары қызмет етеді

Қызылорда облысында жұптары жазылмай бір саланы таңдаған егіз полицей қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олардың басты ұстанымы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Егіздердің шендері де бірдей – полиция сержанттары.

Думан Мирамбекұлы және Дархан Мирамбекұлы 2003 жылы 16 сәуірде Қызылорда облысы киелі Қармақшы мекенінде дүниеге келген. Мектеп кезінде белсенді болған егіздер түрлі спорт үйірмелеріне барып, шыныққан. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлдері орынмен оралатын.

Жігіттер бала кезден әскери қызметте болуды және бір салада еңбек етуді армандаған. Сол арманына жету мақсатында олар 2021 жылы сәуір айында Алматы облысы Қапшағай қаласындағы десанттық шабуылдау бригадасында әскери міндеттерін атқарған.

Кейіннен Қызылорда облысының полиция департаментіне жұмысқа орналасып, қазіргі уақытта абыроймен қызмет атқарып жүр.

Екеуі де қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Грамота, Алғыс хаттармен марапатталған.

– Мен мамандығымды жақсы көремін және шен тағып жүргеніме қуаныштымын. Мен сыңарымның барына қатты қуанамын және екеуміздің де осы саланы таңдағанымыз анамыз үшін зор қуаныш болды. Полицей болу – жауапты мамандық. Алайда жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне ер азаматқа Отанына адал перзент болу міндеттелген. Меніңше, тәртіп сақшысы – үнемі қоғам мүддесі, ондағы тәртіп пен тыныштық үшін қызмет етеді. Әр адам әр түні ұйқыға жатарда өзінің қауіпсіздігі мен тыныштығына сенімді болу керек, – дейді Думан Мирамбекұлы.

Егіздердің бірі қызығы мен қиындығы мол кинолог мамандығын таңдаған. Көп елене бермейтін, бірақ дүйім жұрттың тыныштығы үшін итті баптап, баулып, қарайтын із кесушінің еңбегі ұшан-теңіз. Қазір білікті маман лабрадор – ретривер «Гераны» бабында ұстап отыр. Кәсіби маманның иттерді жақсы көретіні соншалық, үйінде де ит асырайды.

– Бұл жұмыста ең бастысы – шыдамдылық пен мақсаттылық, табандылық пен бақылағыштық қасиет қажет, – дейді Дархан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру