Қызылорда облысының тұрғындары полицияға 14 қару өткізді
Қызылорда облысының тұрғындары акцияның екі күнінде полицияға 14 қару өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуірден бастап республика көлемінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қару сатып алу бойынша кезекті акция өткізіліп жатыр. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау. Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Алынған қарудың түріне және техникалық жай-күйіне байланысты сыйақы тағайындалады.
Акцияның екі күнінде облыс тұрғындарынан 11 өтініш түсіп, 14 қару қабылданған. ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес бір айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
– Құрметті облыс тұрғындары! Тіркеуде жоқ заңсыз сақтаудағы қаруларды, жарылғыш заттарды полиция бөлімдеріне өткізіп, қарумен жасалатын қылмыстардың және төтенше оқиғалардың алдын алуда өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз, – дейді қызылордалық полицейлер.