Қызылорда облысының тұрғыны есірткі сақтағаны үшін 11 жылға сотталды
Қызылорда облысының тұрғыны есірткі затын сақтағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың қаңтар айында көлік полицейлері, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген күдікпен Қызылорда облысының 57 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Тұрғылықты жерін тінту барысында ұсталған азаматтан жалпы салмағы 9 келі 824 грамм болатын кептірілген марихуана заты табылып, тәркіленді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 3 тармағына (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен күдікті 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 9 айында еліміздің көлік полицейлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 317 есірткі құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 27 өткізу фактісі, 25 аса ірі мөлшерде сақтау және 5 контрабанда.
Заңсыз айналымнан 443 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.