Қызылорда облысының тұрғыны ҚАЖД мекемесіне 105 кітап сыйға тартты
Қызылорда облысының тұрғыны ҚАЖД мекемесіне 105 кітап сыйға тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таным көкжиекті кеңейтудің таптырмас құралы – кітап. Оқырманға берері көп болғандықтан, сарқылмайтын қазынаға балайтынымыз содан. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің кітапхана сөресі толықты. Шиелі ауданының Талғат есімді тұрғыны 105 кітапты сыйға тартты.
Мұқабасынан-ақ мазмұнды кітаптар екені көрініп тұр. Белгілі қаламгерлердің шығармашылығы мен өрелі өлеңнің жинағы көп. Тіпті сыйға берілген кітаптар арасында шетел жазушыларының да еңбегі бар.
– Кітапханадағы жалпы кітап саны – 4895. Сөренің тағы тың туындылармен толығуы көңілге қуаныш ұялатты. Әсіресе, басым бөлігі сұраныстағы кітаптар екен. Жазасын өтеушілер енді таңдауына қарай, қажетті кітабын алып оқи алады. Сайып келгенде, бұл – олардың дұрыс пен бұрысты ой елегінен өткізіп, оң өзгеріске бастап, қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етері сөзсіз, - дейді мекеменің кітапханашы маманы Асылбек Бурханов.
Мұндай рухани қолдаудың маңызы зор. Алдағы уақытта да кітап қорын толықтыру жұмысы жандана бермек.
