Қызылорда облысының тұрғыны жылқыларын тауып берген полицейлерге алғысын білдірді
Қызылордалық полицейлер 72 бас жылқыны иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Малдың ұрлануына және жоғалуына жол бермеу мақсатында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері атқарушы органдармен бірлесіп, тұрақты түрде халықпен жиындар өткізіп, онда мал ұрлығының алдын алу, мал жаюды ұйымдастыру, алдын алу шараларын қабылдау, сондай-ақ үй жануарларын уақтылы сырғалау және таңбалау мәселелерін түсіндіріп отырады.
Бұл ретте полиция қызметкерлері ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал ұрлығын болдырмау мақсатында жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін арттыруда.
Мәселен, қызылордалық полицейлердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде тәулік ішінде облыс тұрғынына жоғалған 72 бас жылқысы қайтарылды.
11 ақпан күні облыс орталығының тұрғыны жайылымда жүрген 72 бас жылқысының жоғалғаны туралы полицияға хабарлаған.
Аталған хабарлама бойынша Ақсай ПБ жеке құрамы түгел жұмылдырылып, полиция қызметкерлері іргелес елді мекендердегі шаруа қожалықтары мен жайылымдарды аралап, нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары жоғалған жылқыларды тауып, иесіне тапсырды.
Малы табылған облыс тұрғыны полицейлерге алғысын білдірді.