Қызылорда тұрғыны велосипедін табуға көмектескен тергеушіге алғысын білдірді
Қызылорда тұрғыны велосипедін табуға көмектескен тергеушіге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының арнайы жәшігіне жергілікті тұрғын тергеушіге алғысын білдіріп хат қалдырған болатын.
Қала тұрғыны 2024 жылдың шілде айында басқарманың кезекші бөліміне ұрлық дерегі бойынша арызданған болатын. Күдікті аулада тұрған велосипедін ұрлап кетіп, 55 мың теңге мүліктік шығын келтірген.
Тергеу әрекеттерін Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеушісі Шатай Жайдарбекке жолданып, ол ұрлық бойынша жәбірленушіні толықтай тыңдап, ол айтқан мәселелердің бәрін назарға алған.
Тергеу саласында қызмет атқарғанына екі жыл толған Жайдарбек осы кезге дейін көптеген қылмысты ашып, халықтың алғысына бөленіп жүрген полицей. Осы қылмысқа тергеп-тексеру жүргізіп, істі соңына дейін апарып өзінің нағыз маман екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Тәжірибелі тергеушінің қызметіне риза болған тұрғын оның құрметке лайық екенін атап өтіп, басқарма басшылығына және тергеу бөлімінің жеке құрамына өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта жұмыстарына табыс тіледі.