Қызылордада 330 жол белгісі қайта қалпына келтірілді
Қызылордада 64 жол белгіcі орнатылып, 330 жол белгісі қайта қалпына келтірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекциясы саласымен жол қозғалысын ұйымдастыру мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында бірқатар ұйымдастырушылық шаралары қабылданып келеді. Атап айтқанда, жолдар мен көше-жол тораптарының техникалық жағдайы, сонымен қатар онда орналасқан жол қозғалысын ұйымдастыратын техникалық құралдарының жәй-күйі үнемі қадағаланып отыр.
Облыс көлемінде автожолдар мен көше-жол тораптарының барлық ұзындығы – 7355 шақырымды құрайды, оның ішінде жоғарыда аталған жолдар және онда орналасқан жол жүрісін реттейтін техникалық құрылғылар 1083 рет тексеруден өткізіліп, 25035 шақырым жол қамтылды. Тексеру барысында автомобиль жолдары мен көше-жол тораптарында және жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғылар бойынша табылған кемшіліктерге 1142 нұсқама беріліп, барлығының жауаптары алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша 160 лауазым иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Автомобиль жолдары мен көше-жол тораптарындағы жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғылардың жағдайлары жөнінде облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерге 185 хабарлама-ұсыныс жолданды.
Департамент тарапынан жолданған ұсыныстар мен нұсқамалар негізінде, тиісті жол мекемелерімен есепті мерзімде қала мен аудан орталықтарында жаңадан 64 жол белгісі орнатылып, 330 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар қала орталығының көше-жол тораптарына, яғни Жаппасбай батыр – Қорқыт ата көшелерінің қиылысынан оңға қарай құлама арнасы салынып, апаттылықтың алдын алу мақсатында 20 жерге жасанды кедергі орнатылды. Қазіргі таңда 37 шақырымды қамтитын түнгі жарық шам қондырғылары орнатылып, 43 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды.