Қызылордада 40 жастағы сотталған білім алуға ниет білдірді
Қызылордада 40 жастағы сотталған білім алуға ниет білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 және №60 мекемелерінде жазасын өтеушілерге жалпы орта білім алу мүмкіндігін беретін кешкі мектептер жұмыс істейді. Бұл бастама – сотталғандарды түзету және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Заңға сәйкес, жалпы орта білімі жоқ 30 жасқа дейінгі сотталғандар міндетті түрде оқуға тартылады. Ал 30 жастан асқан азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға білім алу – өз еркі бойынша жүзеге асады.
2025–2026 оқу жылында №37 мекемеден – 7, ал №60 мекемеден – 6 сотталған кешкі мектепке қабылданды. Солардың ішінде 40 жастағы азамат та бар. Ол жастайынан білім ала алмағанын, құжаттарының жоқтығынан жоғары оқу орнына түсе алмағанын айтып, қазір өз қалауымен білім алуға бел буғанын жеткізді.
– Мектепке қабылданғаныма өте қуаныштымын. Жастайымда оқымадым, қажетті құжаттарым болмады. Сондықтан жоғары оқу орнына бара алмадым. Бірақ білім алуға ешқашан кеш емес деп ойлаймын. Жазамды өтей жүріп, өзім үшін пайдалы іс жасап, білім алып шығамын, – дейді ол.
Оқу жылы аяқталғаннан кейін барлық сотталғандарға мемлекеттік үлгідегі аттестат табысталады. Сонымен қатар олардың үлгерімі мен сабаққа қатысуы арнайы табельге тіркеліп, жеке істеріне қосылады. Жазасын өтеп шыққан соң бұл құжаттар иелеріне ресми түрде беріледі.