Қызылордада 48 жастағы жазасын өтеуші аттестат алды
Қызылордада 48 жастағы жазасын өтеуші аттестат алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде ерекше әрі тағылымды шара өтті. Жазасын өтеу барысында орта білім алып шыққан сотталған азаматтарға аттестат табысталды. Бұл – тек құжат иелену емес, түзелу мен жаңа өмірге қадам басудың нышаны.
Салтанатты рәсімге кешкі мектеп мұғалімдері, мекеме қызметкерлері мен тәрбие бөлімінің өкілдері қатысты. Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сәйкес, 30 жасқа дейінгі сотталғандарға орта білім алу міндеттелсе де, бұл жолы 48 жастағы азамат өзінің табандылығының арқасында мектепті аяқтап, көпшілік алдында аттестат алды.
– Шынын айту керек, бүгінгі таңда түзелемін деген жанға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Басты мақсат – шалыс басқан жандарға бағыт-бағдар беріп, оларды қайта қоғамға бейімдеу, бостандықта өз орнын табуына жол ашу, – дейді тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметов.
Аттестат иеленген азаматтың өзі де жүрек тебірентер сөз айтты:
– Жасымның үлкеніне қарамай, қайтадан мектеп партасына отырып, қолыма қалам алу оңай болған жоқ. Бірақ болашағым үшін, өзімді өзгерту үшін бұл қадамға бел будым. Еңбегім ақталып, бүгін аттестат алып тұрғаныма шын қуаныштымын, – дейді ол.
Қазіргі таңда №37 мекемеде орта білімі жоқ 5 адам оқып жатыр. Олардың бірі – 11 сыныпты, бірі – 9 сыныпты тәмамдаса, өзгелері білім алуын жалғастыруда. Бұл – адам бойындағы үміт пен талпыныстың, ерік-жігердің дәлелі.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 және №60 мекемелеріндегі кешкі мектепте білім алған 39 сотталғанның 17-сіне аттестат берілді.