Қызылордада 5 сотталған тор тоқитын цехқа жұмысқа орналасты
Қызылордада 5 сотталған тор тоқитын цехқа жұмысқа орналасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтейтін азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта мекеме әкімшілігі жеке кәсіпкерлермен жиі кездесулер өткізіп, сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда 130-дан астам жазасын өтеуші бар, оның 90-нан астамы жұмыспен қамтылған.
Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының қызметкерлері жуырда тағы бес сотталғанды тор тоқитын цехқа жұмысқа орналастырды. Олар қазіргі сұранысқа ие сымнан тор тоқуда.
Абзал есімді сотталған тор сымының қалай тоқылатынын, қайда пайдалануға болатынын бүге-шүгесіне дейін айтып берді.
– Бұл сымдар төзімді болған соң құрылысқа пайдаланылады. Тор сымдарды арнайы станокпен тоқып жасаймыз. Үй қалаған кезде, фундамент құйғанда әрбір 3-4 қатардан осы тор сымдарды салып отырады. Үй жарылмайды, бір- бірімен байланыс ұстап тұрады. Күн жылынғасын тапсырыс та көп, бәріне үлгеруге тырысамыз.Тапсырысқа байланысты дайындап береміз. Айлығым уақытылы, артылғанын отбасыма жіберіп отырмын. Абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап істі болдым. Жазамды өтеп отбасыма тезірек оралсам деген арманым бар, – дейді сотталған.
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Айгүл Ботпанованың айтуынша, сотталғандарды жұмыспен қамтудағы басты міндет – сот үкімі негізінде жеке тұлғаға және мемлекет пайдасына келтірілген шығындарын өтеу. Яғни, бірінші кезекте сот үкімі негізінде мемлекетке, заңды және жеке тұлғаға атқару парағы бар сотталғандарды жұмысқа орналастыру.