Қызылордада әлеуметтік желіде танысқан жігіт достарымен бірге қызды тонап кетті
Қызылордада әлеуметтік желіде танысқан жігіт достарымен бірге қызды тонап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қараша күні сағат 06:27 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, Қызылорда қаласының тұрғыны оның үйіне келіп, оны қорқытып, ұялы телефонын және ақшасын тартып алып кеткенін айтқан.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған тонау) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеп-тексеру барысында 20 қарашада сағат 04:00 шамасында арызданған азаматша әлеуметтік желіде бір азаматпен танысып, оны үйіне шақырған.
Сөйтіп, арада шамамен 30 минуттан кейін үйіне екі азамат келген – танысқан жігіті мен оның досы. Кейін артынан тағы екі азамат кіріп, төртеуі қосылып, қызды қорқытып, телефоны мен ақшасын тартып алып кеткен.
– Қылмыстық іс бойынша Қызылорда облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы және қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру шаралараның нәтижесінде бұл қылмысқа қатысты күдікті қатарында Қызылорда қаласының екі тұрғыны құрықталып, олардан айғақты заттар алынып, аталған тұлғалар өз кінәларын толықтай мойындады. Олар қамауға алынды. Қазіргі таңда бұл қылмысқа қатысы бар тағы екі азамат іздестірілуде, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.