Қызылордада балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 31 ата-ана жауапкершілікке тартылды
Қызылордада балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 31 ата-ана жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, болдырмау бағытында, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жүріс-тұрыстарына бақылау жасау, заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта, көшеде бей-берекет жүретін жасөспірімдерді анықтау мақсатында 2024 жылдың 10-12 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз мектеп» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара аясында білім беру ұйымдарының студенттерімен, оқушыларымен кездесу барысында Қызылорда қаласы полиция басқармасы мен барлық аудандық полиция бөлімдерінің басшылары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен қылмыстық жауаптылық, балалардың қауіпсіздіктері үшін жастар арасында көп кездесетін бұзақылық, буллинг, интернет қауіпсіздігі мен кибербуллинг, лудомания, есірткінің зияндылығы мен жол қауіпсіздігі туралы 272 мектеп пен 17 колледжде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде барлығы 170 құқықбұзушылық анықталса, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) бойынша, яғни ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 31 ата-анаға хаттама толтырылды.
Сонымен қатар түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерде болған 120 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне хаттама ресімделді.
Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында мүдделі органдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстар өз жалғасын табады.