Қызылордада бас полицей оқушыларға ақ жол тілеп, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
1 қыркүйек – Білім күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов Тәкей Есетов атындағы №264 мектептің "Алғашқы қоңырау" салтанатты жиынына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мектеп ауласында өткен мерекелік шарада департамент басшысы ұстаздар қауымын, ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ыстық лебізін жеткізді.
– Құрметті ұстаздар, ата-аналар, сүйікті оқушылар! Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы баршаңызға табыс әкелсін, талаптарыңызға нұр жауып, білім жолында үлкен жетістіктерге жете беріңіздер. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп келе жатқан мұғалімдерге алғысымды білдіремін, – деді Серік Ергешов.
Сонымен бірге облыстың бас полицейі балалардың қауіпсіздігіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына орай бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Осыған байланысты мектептер мен оларға жақын аймақтарда патрульдеу күшейтілді.
Ол оқушыларға жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді. Жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң ұстанып, жол белгілеріне мұқият болуды ескертті. Сондай-ақ ата-аналарды балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, мүмкіндігінше мектепке бірге апарып, қарсы алуға шақырды.
– Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана өскелең ұрпақтың, яғни Қазақстанның болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деп атап өтті департамент басшысы.
Білім күніне орай тәртіп сақшылары күшейтілген қызмет режиміне көшті. Полицейлер мектептерде және олардың маңында қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқушылардың жаяу жүргіншілер жолағынан қауіпсіз өтуіне баса назар аударуда.