Қызылордада басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші қайтадан көлік басқарып жүрген
Қызылордалық тәртіп сақшылары сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылса да, мас күйінде көлік басқарып жүрген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпаннан 12 ақпанға қараған түні Сұлтан Бейбарыс-Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысында «Лада Гранта» автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай, өтіп кеткен.
Жүргізуші Қызылорда қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлерінің сигналдық дауыс ұлғайтқыш құрылғысы арқылы тоқтау және жол жиегіне тұру туралы заңды талабын орындамаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушының көлігінің артынан еріп, оны ұстады. Ол 1988 жылы туған қала тұрғыны болып шықты.
Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жүргізушінің көлікті жеңіл дәрежелі масаң күйде басқарғаны анықталды. Бұған қоса, оның сот шешімімен 2018 жылдың қыркүйек айында үш жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда, ол тағы да заңды бұзып, көлік басқарып, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өміріне қауіп төндірді.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Автомобиль айыппұл тұрағына қойылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.