Қызылордада басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзған
Қызылордада көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 12 ақпаны күні Қызылорда қаласының көшелерінің бірінде патрульдік полиция қызметкерлері бағдаршамның тыйым салған сигналына тоқтамай өтіп кеткен автокөлікті тоқтатты. Автокөлікті басқарып келе жатқан облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны мас болып шықты.
Тексеру барысында бұл азаматтың сот шешімімен 2019 жылғы 5 қыркүйекте 3,5 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, жүргізуші қамауға алынды.