Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен бұзақылар ұсталды
Қызылордада бейнебақылау камераларының көмегімен бұзақылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қараша күні кезекшілікке түскен Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылаушы-инспекторы сағат 00:30 шамасында қаладағы орталық көшелерінің қиылысында орналасқан бейнекамерамен шолу барысында бір топ белгісіз азаматтар көше бойында төбелесіп жатқанын байқаған.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипаждары жіберілді. Полицейлер анықтағандай, оқиғаға қатысушылар жас шамасы 20-25 жастағы жігіттер сөзге келіп қалып, жанжалдасып, соңында төбелескен. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында жанжалға қатысушылар оқиға орнында ұсталып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Полиция басқармасына жеткізілген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
– Камералардың арқасында қылмыстың “ізін суытпай” ашылу деңгейі артты. Жыл басынан бері олардың көмегімен 101 қылмыс ашылып, 21 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және аумақты ластау сияқты ұсақ бұзушылықтардың үздіксіз мониторингін жүргізеді, – деді Қызылорда облысты Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.