Қызылордада бір тәулікте жоғалған 10 жасөспірім табылып, ата-анасына табысталды
Қызылордада бір тәулікте жоғалған 10 жасөспірім табылып, ата-анасына табысталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері 10 сәуірден бастап өткізіліп жатқан “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үздіксіз жұмыс атқаруда. Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, әсіресе топтық төбелес, бопсалау, суық қару тасымалдау сынды қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүруін болдырмау.
Бір тәулікте полицияның “102” арнасына 10 жасөспірімнің хабар-ошарсыз кетуі бойынша өтініштер келіп түскен. Тәртіп сақшылары дереу іздестіру шараларын бастап, қала көлеміндегі барлық полиция күштеріне бағыт-бағдар беріліп, белсенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде барлық жасөспірім табылып, аман-есен ата-аналарына тапсырылды.
Қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне көрсеткен жедел көмегі үшін ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Ювеналды полиция қызметкерлері алдағы уақытта да бала қауіпсіздігі бағытындағы шараларды күшейтіп, қоғаммен бірлесе жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.
Полиция ата-аналарға, балаға дұрыс қарау заң алдында жауапкершілігі бар екенін ескертеді. Сонымен қатар әрбір баланың өмірі мен оның қауіпсіздігі біз үшін маңызды!