Қызылордада бостандыққа шығатын сотталғандарға психологиялық тренинг өтті
Қызылордада бостандыққа шығатын сотталғандарға психологиялық тренинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 тергеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан төрт азамат жаза мерзімінің аяқталуына байланысты бостандыққа шығады.
Осыған орай, мекеме психологы бостандыққа баулу мақсатында «Бостандыққа дейінгі менің өмірім, менің болашағым» атты тақырыпта психологиялық тренинг өткізді.
– Бостандыққа шығайын деп отырған Е. есімді азамат 2013 жылы жаза басып, тергеу мекемесіне келген. Оны қылмысын өтеу мерзімінен бастап жеке қабылдауымда болды. Психологиялық жұмыстар жүргіздім. Сонымен қатар мал ұрлау актісі бойынша жаза басқан азаматтармен де бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Сотталған азаматтар мекемеге келгеннен бастап, жеке сөйлесулер, тренингтер өткізіліп отырады. Осылайша, темірторға тоғытылған азаматтардың өмірге деген талпынысын үзіп алмауын қадағалаймыз, – деді АКАӘПТЖБ-нің аға психологы Айзат Мырзалы.
Айзат Мырзалының айтуынша, жазасын өтеп жатқан Е. есімді азаматқа 2013 жылы бірнеше баппен жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Жеті жыл ішінде жазасын өтеуші азамат оқшаулау аймағында ұсталған. Қалған үш жазасын өтеуші азамат мал ұрлау қылмысы бойынша сот үкімі шығып, темірторда жазасын өтеп жатыр.
– Бірнеше жыл осы тар қапаста өмір сүріп, жасаған қателігім үшін өкінемін. Бала-шағамды, жұбайымды, ата-анамды сағындым. Адам қателікті жасаймын деп жасамайды, сондай сәтте өзіміздің не істегенімізді білмей, шалт басып қаламыз. Бостандыққа шыққасын отбасымды асырау үшін жақсы жұмысқа орналасып, қаражат табамын. Алдағы уақытта аяғымды аңдап басып, жақсы өмір сүруге талпынамын, – деді босатылу күні жақындаған азамат.