Қызылордада девиантты мінез-құлықты балалармен кездесу өтті
Қызылордада девиантты мінез-құлықты балалармен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
13 қазанда Қызылорда облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған интернатында «Құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау» тақырыбында іс-шара өтті. Шараға Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Биқожа Жұмаш, қалалық пробация бөлімінің аға инспекторы Рахим Сыздықов, қалалық ішкі істер бөлімінің жергілікті полициясының ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Руслан Енсебаев қатысты.
Шараның мақсаты – кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға бағынушы азамат ретінде тәрбиелеу.
Кездесу барысында сала мамандары интернант тәрбиеленушілеріне жаңылыс басудан сақтанып, тәртіпті сақтап, зиянды әрекеттерден аулақ болуға, жаман іске бармауға, қылмыстан бойды аулақ ұстауға шақырды. Жиын соңында тәрбиеленушілерге құқық бұзушылыққа қарсы насихаттау мақсатында түсірілген бейнероликтер ұсынылды. Интернат тәрбиеленушілері сала мамандарына көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.