Қызылордада елорда күніне орай сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті
Қызылордада елорда күніне орай сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару саласына қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар арасында Астана күніне орай спорттық іс-шара өтті. Мекеменің тәрбие бөлімі ұйымдастырған бұл шараға Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің әдіскері А.Әбсадықов, Қ.Құдайбергенов пен Ғ.Мәмедкәрім төрағалық етті.
Жазсын өтеушілер арқан тарту мен кір тасын көтеріп, ләңгі теуіп жарысқа түсті. Жарыс қызық әрі тартысты өтті. Сотталғандарды көтермелеу мақсатында марапаттаулар болды.
– Бұл жарысты қылмыс жасаған азаматтарды түзелу жолына бағыттау мақсатында өткізіп отырмыз. Бас бостандығынан айырылған азаматтардың ой-өрісін психологиялық тұрғыда тәрбиелеу және еңбекке баулу мен әртүрлі спорттық шараларға жиі қатыстырып тұрамыз. Өйткені спорттық іс-шараларға қатысқан сотталғандар темір торда телміріп отыра бергенше, әртүрлі қимыл қозғалыстарға түскенде, бойларына қан жүгіріп, санасы сергіп, бостандықтағы мақсаттарына деген талпынысы артады, – дейді бөлім бастығы міндетін атқарушы Н.Ниязов.