Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ерлікпен қаза тапқан полицейді еске алуға арналған турнир өтті

Қызылордада II дәрежелі "Айбын" орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан еліміздің қаhарманы, II дәрежелі "Айбын" орденінің иегері марқұм Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы және Талғат Қозыбаевтың отбасы арнайы қатысты.

Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, батырды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Бейбіт күннің батыры атанған Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы ерлікпен қаза тапқан соң Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік "Айбын" орденімен марапатталды.

Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Оның оқыған № 131 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектеп сыныптарының біріне аты берілді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирдің ашылу салтанатында Әмірбек Шаймағамбетов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Антына берік, еліне адал, қызмет барысында өзгенің өмірі үшін жанын қиған әріптестеріміздің ерлігі мен батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Бүгінгі полицейлер үшін оның ерлігі патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі, - деді ол.

Дүбірлі додаға еліміздің 6 облысынан 14 команда, 250-ге жуық жас палуан қатысты. Кіл мықтылардың арасынан топ жарып, үздік атанған жас спортшыларға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру