Қызылордада есептегі сотталғандар спорттық жарыстарға қатысты
Қызылордада есептегі сотталғандар спорттық жарыстарға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалағаш ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі Б.Құлтекенов атындағы жабық бассейнде еркін жүзуден жарыс ұйымдастырды. Аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген жарысқа Жалағаш аудандық пробация есебіндегі 10 сотталған қатысты. Жарысқа қатысқан есептегі тұлғалар өздерінің судағы жүзу шеберліктерін, қабілеттерін көрсетіп, бәсекеге түсті. Жарыс нәтижелері бойынша үздік жүзушілер алғыс хаттармен марапатталды.
Марапаттан есептегі тұлғалар да құр қалмады.Үш сотталған алғысхатпен марапатталды.
– Ауылда өскендіктен суда жүзу маған еш қиындық тудырмады. Кішкентайымнан суда жүзуді жаныма серік еткенмін. Суда жүзу адам денсаулығына пайдалы, ол тек физикалық денсаулықты ғана емес, психологиялық жағдайды да жақсартуға көмектеседі. Қатысушалар арасынан алғыс хат алудың өзі менің көңіл-күйімді көтеріп, өз-өзіме деген сенімділігімді арттырды. Бұған дейін де асық ату, гір көтеру, қол күрес сынды жарыстарға да қатысып, жүлдеді орындар иеленгенмін. Алдағы уақытта спорттық шаралардан қалмай қатысып тұрамын. Спорттық шараларға жиі қатысу бізді мақсатқа жетуге жігерлендіріп, болашаққа сеніммен қарауға ынталандырады, – дейді есептегі азамат.
Сондай-ақ спорттық шара Арал аудандық пробация есебіндегі тұлғалар арасында футбол және қол күрестен жарыс өтті. Оған 25 сотталған азамат қатысты.
Ойын барысында футбол матчтары қызу тартыспен өтіп, командалар бір-біріне лайықты қарсылас екенін көрсетті. Ал қол күресінен жарысқа қатысқандар өздерінің мықты екенін дәлелдей алды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлығы ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар алды.
– Спорттық іс-шаралар сотталған азаматтардың рухани және физикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Осындай шаралар олардың қоғамға бейімделіп, алдағы уақытта дұрыс жолды таңдауына көмектеседі, – деді аудандық пробация қызметінің инспекторы Ерболат Жарасов.