Қызылордада есептегі сотталғандар тазалық жұмыстарын атқарып жүр
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебінде тұрған 17 сотталған азамат сот үкіміне сәйкес қоғамдық жұмыстарды орындауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар жергілікті органдар белгілеген орындарда қоғамдық жұмыстарға тартылып, күн сайын 4 сағаттан тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сот шешіміне сәйкес, кейбір азаматтар 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа міндеттелсе, енді бірқатарына 200 сағат белгіленген.
2025 жылдың алғашқы үш айында аталған 17 сотталған өздеріне жүктелген міндеттерді орындап, қоғамдық орындарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаеваның айтуынша, қоғамдық жұмыстар – сотталғандарды еңбекке баулудың және оларды қоғамға бейімдеудің бір жолы. Сонымен қатар, бұл шара олардың түзелуіне және қайта қылмыс жасамауына оң ықпал етеді.
– Қоғамдық жұмыстар – қылмыстық жазаның бір түрі. Оның басты мақсаты – сотталған азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектесу. Олар өз еңбегімен қоғамға пайдасын тигізе отырып, жауапкершілікті сезінеді, – дейді Фариза Сембаева.
Айта кетейік, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар белгіленген сағаттарын толық өтегеннен кейін пробация бақылауынан босатылады. Ал сот үкімін орындаудан жалтарған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.