Қызылордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен нашақорлықтың алдын алу бойынша брифинг өтті
Қызылордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен нашақорлықтың алдын алу шаралары бойынша брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ардақ Дөненовтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында есірткі қылмысына қарсы күрес шаралары туралы айтылды.
1 маусым – 31 қазан аралығында республика аумағында «Қарасора-2024» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Операция құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру фактілерін анықтауға, жасырын егістіктер және плантацияларды жоюға бағытталған.
Іс-шара кезеңінде 207 есірткі құқық бұзушылықтары анықталса, оның ішінде 67 дерегі есірткі өсіру, 9 өткізу, 6 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 17 жарнамалау, 1 есірткіні тұтынуға көндіру және 172 қылмыстық теріс қылықтар.
Заңсыз айналымнан барлығы 1 тонна 208 кг 186 гр «каннабис» өсімдігі, 13 кг 848 гр «көкнәр», 30 кг 864 гр «марихуана», 1 кг 14 гр «гашиш», 57,4 гр «синтетика» тәркіленді.
Жалпы 11 мың 970 түп сора өсімдігі анықталып, қыркүйек, қазан айларына дейін пісіп-жетілгенінде әр түптен шамамен 500 грамнан есептегенде 3 тоннаға жуық марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Далалық аймақтардан 19 ірі есірткі алқаптары, үй, бау-бақша, саяжайлардан 48 дерегі анықталды.
Есірткі өсірумен айналысқан 55 адам құрықталып, оның 14-і қамауға алынды.
Айта кету керек, операцияға департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ Бүркіт АЖ, жылдам қыймылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері, ІІМ-нің Ұлттық ұланының тік ұшағымен пилотсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды.
Әскери тікұшақ техникасының көмегімен 30 мәрте әуеден шолу жүргізіліп, есірткі өсірудің 11 дерегі, Жаңақорған ауданы – 4 дерегі анықталып, іздеудегі қылмыскер ұсталды. Ішкі істер органдарында тіркелмеген 5 заңсыз қару алынды.
Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткі тасымалдаудың 39 дерегі, оның ішінде аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 3 дерегі анықталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ іс-әрекеттерін әшкерелеу, қылмыстық жолмен алынған қаражаттарды заңдастыру, есірткі тұтыну үшін притон ұйымдастыру деректерін анықтау мақсатында әзірлеме жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара аяқталғанымен бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Сонымен қатар Қызылорда облысының Полиция департаментімен 4-8 қараша күндері аралығында Республика көлемінде «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара кезінде 15 денсаулық сақтау мекемесіне, 7 кәсіпкерлік субьектілерінің қызметіне Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің «ЕРСОП» жүйесіне тіркеліп, тексеру жүргізілді. Іс-шара кезінде 15 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.