Қызылордада есірткі сақтап жүрген екі адам анықталды
Қызылордада есірткі сақтап жүрген екі адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс көлемінде өтіп жатқан «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бір күнде, яғни 20 қазан күні есірткі алып жүрген екі ер адам анықталды.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны инспекторларымен қызмет атқару барысында қаланың көшелерінің бірінде жеңіл автокөлік жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін тоқтатылған. Автокөлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру кезінде одан газет қиындысына оралған ерекше иісі бар шөп ұнтақтары алынды. Сараптама қорытындысымен тәркіленген зат «кептірілген марихуана» екені белгілі болды.
Осы тектес дерек Қармақшы ауданында орын алды. Қызылорда облысы ПД-нің Қармақшы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кент көшелердің бірінде құқық бұзушы тұрғынды тоқтатып тексеруде газет қиындысына оралған есірткі заты алынды.
Қазіргі таңда екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.