Қызылордада ІІО ардагерлері Ерлік бұрышын марапаттарымен толықтырды
Тараз қаласында Қазақстан полициясының тарихында ерлік пен батылдықтың символына айналған Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты, полиция қызметкерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовті еске алу мақсатында ішкі істер органдарының ардагерлері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тартысты бәсеке қорытындысымен Қызылорда облысы полиция департаментінің ардагерлері командасы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар запастағы полиция майоры Мырзатаев Талғат турнирдің үздік қақпашысы атанды.
2020 жылы құрылған Қызылорда облысы ішкі істер органдары ардагерлерінің футбол командасы төрт жыл өткенде республикалық деңгейде алғашқы үлкен жетістікке жетті. Жеңімпаз ардагерлерді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді.
– Зейнетке шықса да, жастарды тәрбиелеуде зор үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спортты да қатар алып жүрген ардақты ардагерлерімізді жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлерге деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке, бірлік тілеймін, – деді О.Омаров.
Сонан соң ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай бастаған жеңімпаз команда мүшелері полиция департаментінің мұражайында қызметтік борышын орындау барысында ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа арналған Ерлік бұрышын марапаттарымен толықтырды.
– Ғазиз Байтасовтың жарқын бейнесі ерліктің, қайсарлық пен азаматтықтың үлгісі ретінде жүрегімізде мәңгі қалады. Ол Қазақстан полициясының даңқты дәстүрлерін жалғастырды, қызметтік борышына деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді, – деді О.Омаров.
Департамент мұражайында Ғазиз Байтасов сынды ержүрек полиция қызметкерлеріне арналған стендтер қойылған. Онда тәртіп сақшыларының ерлік істері, өмірбаяндары жазылып, марапаттары сақталған.