Қызылордада ІІО ардагерлерінің қатысуымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды
"Заң және тәртіп" идеологиясын іске асыру аясында Қызылорда облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен тағылымы терең семинар-кеңес өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – ел тыныштығы жолында қызметтік борышын адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімін ұлықтау және жас буын арасында патриоттық рух пен кәсіби жауапкершілікті арттыру.

Шара аясында өмірін қызмет жолында қиған батыр полицейлердің рухына тағзым ретінде олардың құрметіне орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Бұл рәсім – ерлікке тағзым етудің, отанға адал қызмет етудің символына айналған ізгі дәстүр.

Кеңес жұмысы Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан "Өлкетану" музейінде жалғасын тапты. Мұнда ардагерлер полиция қызметінің қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері жайында сыр шертіп, жас қызметкерлерге өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерін жеткізді.

Музей қабырғасында өткен экскурсия барысында қатысушылар өңірдің құқық қорғау саласындағы бай тарихымен танысып, ел тыныштығын қорғаған ардагерлердің еңбегімен жіті танысты.
Іс-шара соңында қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өмірі мен ерлігін арқау еткен көркем фильм көрсетіліп, қатысушылар батырдың есіміне құрметпен тағзым етті.
