Қызылордада интернет-алаяқ автобөлшектер сататыны туралы жалған жарнама берген
Қызылордада интернет-алаяқ жәбірленушіден 270 000 теңге ақша алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 ақпан күні қызылордалық полицейлер интернет-алаяқты қолға түсірді. Жеңіл пайда табуды көздеген алаяқ басқа қаланың тұрғынын алдаған. Ол жарнама сайтына автобөлшектер сататыны туралы жарнама салып, қызығушылық танытқан жәбірленушіден алдын ала төлем ретінде банк қосымшасы арқылы өз есепшотына 270 000 теңгесін аудартып алған.
Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде бұрын сотты болған Шиелі ауданының 29 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.