Қызылордада интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары талқыланды
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Тимур Хамитовтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиын барысында интернет-алаяқтық түрлері мен оның алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар жөнінде кеңінен айтылды.
Цифрлық технологиялар мен интернеттің қарқынды дамуына байланысты бұл қылмыс түрі қоғам үшін аса өзекті мәселеге айналып отыр. Оның түрлері күн санап көбейіп, алдау тәсілдері күрделеніп барады. Интернет-алаяқтықтың басты ерекшелігі — кез келген азаматтың құрбан болу қаупі бар. Смартфон, компьютер немесе планшеті бар адам бір сәтте-ақ алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін.
Қаскөйлер әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, азаматтардың қаржысын жымқырудың түрлі әдістерін ойлап табуда.
Жыл басынан бері облыста 298 интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, бұл барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 37,3 пайызын құрады. Оның ішінде 212 қылмыстық іс тергеліп аяқталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ 118 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген, оның 41-і бойынша іс аяқталып, шешім қабылданған.
Қазіргі таңда өңірде жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың түрлері:
- Ұялы байланыс операторы ретінде хабарласып, SIM-картаның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін айтып, қайта қосу үшін келген кодты сұрау арқылы жеке деректерге қол жеткізу;
- Банк қызметкері болып танысып, атыңыздан несие рәсімделіп жатқаны немесе онлайн-банктің бұзылғаны жайлы айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрау;
- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жоғары табыс әкелетін инвестициялар туралы жалған жарнамалар жариялау;
- WhatsApp» арқылы жақындарыңыздың фотосуретін пайдаланып, қарызға ақша сұрау;
- SMS арқылы пайыздық үстеме уәде етілген сілтемелерге сендіріп, көрсетілген шоттарға ақша аударту;
- Instagram және OLX платформаларында жалған парақшалар ашып, тұрмыстық заттар сататындарын айтып, алдын ала төлем жасату;
- "Kolesa.kz", "Krisha.kz" сайттарында жалған жарнамалар орналастырып, ақша талап ету.
Алаяқтықпен күрес мақсатында байланыс операторлары шетелден жасалатын күдікті қоңырауларды бұғаттауда. Бүгінге дейін 50 миллионнан астам қоңырау бұғатталған.
Облыста киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылып, заманауи техникалармен жабдықталған. Құқық қорғаушылар бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар Instagram желісінде @Cyberpol_kzo парақшасы ашылып, онда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпараттар мен сақтық шаралары қамтылған бейнероликтер тұрақты түрде жарияланып отырады.