Қызылордада ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 36 жүргізуші ұсталды
Қызылордада ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 36 жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережесін бұзудың басқа да деректері полицейлермен жүргізілген «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел алдын алу шарасы барысында анықталды.
Бұл шара облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, оның ішінде мас жүргізушілерді анықтау мақсатында жүргізілді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық шара барысында жол қозғалысы ережесін бұзудың барлығы 1 153 дерегін анықтады.
Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар көлiк құралдарын басқарудың 70 дерегі, заңсыз қайта жабдықтаудың 16 дерегі, қарсы бағытқа шығудың бес, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өтудің 28 және соқтығысу сәтін туғызудың 16 дерегі анықталды.
Бұдан бөлек, ұялы телефонмен сөйлескен 85, белгіленген жылдамдық мөлшерін арттырған 221, қауіпсіздік белдігін тақпаған 211 және жаяу жүргіншіге жол бермеген 66 жүргізуші анықталып, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 85 автокөлік айып тұрағына қойылып, 36 автокөліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері алынды.
Мас жүргізуші – қоғамға қауіпті. Ішімдікке тойып алған жүргізуші өз өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Масаң күйде көлік басқарған адамдар жасаған әрекеттерінің артында адамның тағдыры тұрғанын ұмытпаған жөн.