Қызылордада кәсіпкерлік нысандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қызылордада қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ азық-түлік дүкендерін, дәмхана, барларды және мейрамханаларды аралап, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмысшы топ Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарда болып, кәсіп иелеріне алкоголь өнімдерін заңмен шектелген уақытта сатуға болмайтындығы және түн тыныштығын сақтау қажеттілігі түсіндірілді.
Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес алкоголь өнімдерін сағат 23:00-ден таңғы 08:00-ге дейін, ал этил спиртінің көлемдік үлесі 30%-дан жоғары өнімдерді сағат 21:00-ден келесі күні күндізгі сағат 12:00-ге дейін сатылымға тыйым салынған. Ал түнгі тыныштықты бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізуге тыйым салынған. Сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзу іс әрекеті бойынша тиісті әкімшілік жауапкершілік көзделген.