Қызылордада көлігімен жасөспірімді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші ұсталды
Қызылордада көлігімен жасөспірімді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамыз күні сағат 13:30 шамасында Қызылорда қаласы Қорқыт Ата көшесі мен Ыбырай Жақаев көшесінің қиылысында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелінен өтпекші болған жасөспірім қызды, белгісіз жүргізуші автокөлігімен қағып, оқиға болған жерден бой тасалаған. ЖКО салдарынан жасөспірім дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты Қызылорда облысы ПД Жергілікті полиция қызмет басқармасының Іздестіру тобымен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кезекші тәулікте Mitsubishi Galant үлгісіндегі автокөлік жүргізушісі ұсталды.
Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің екі бабы бойынша, яғни 610-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) және 611-бабының 2-бөлігімен (Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы) әкімшілік хаттамалар толтырылды.