Қызылордада көлігіне көрінеу жалған нөмір таққандар жауапқа тартылды
Қызылордада көлігіне көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 ақпан күні Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғынының «Ваз 21210» маркалы автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып жүргені анықталды. Бұған қоса, бұл автокөліктің 60 рет жылдамдық режимін бұзғаны, сондай-ақ оған 1 млн 534 мың теңге көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, дәл осы күні қызылордалық полицейлер кешкі уақытта 23 жастағы қала тұрғынының «Lexus NX 300» маркалы автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, басқарып жүргенін анықтап, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Қазіргі таңда аталған жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігімен (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттамалар толтырылып, Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына тиісті шешім қабылдау үшін жолданды.