Қызылордада көлік басқарған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Қызылордада полиция қызметкерлері "Жасөспірім" іс-шарасы аясында көлік басқарған кәмелетке толмаған баланы анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында кәмелетке толмаған бала автокөлік басқарған. Жасөспірімге екі әкімшілік хаттама және оның анасына үш әкімшілік хаттама рәсімделді.
Қызылорда қаласының көшелерінің бірінде жүргізілген рейд барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Daewoo автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде автокөлікті 17 жастағы жасөспірімнің басқарғаны анықталды. Ол көлік жүргізуге рұқсат беретін тиісті құжатсыз болған.
Анықталған құқық бұзушылық бойынша жасөспірімге қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды:
– көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның автокөлік басқаруы;
– жол қозғалысы ережесін бұзу арқылы апатты жағдай туғызу.
Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына да қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы әкімшілік құқық бұзушылыққа итермелеу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, іс сотқа жолданды. Нәтижесінде Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жасөспірімнің анасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды.
Айта кету керек, бұл жыл басынан бері Қызылорда облысында тіркелген осы сипаттағы үшінші жағдай. Бұған дейін бір азамат інісіне, ал екінші азамат баласына көлік жүргізуге рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тартылған болатын.