Қызылордада көші-қон мәселелері бойынша брифинг өтті
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қызылорда облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбековтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Брифинг барысында көші-қон саясатының қазіргі жағдайы мен мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар кеңінен айтылды. Сағындық Қамитбековтің сөзінше, көші-қон саясаты — еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды тетік.
Бүгінде көші-қон саласы бойынша 8 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 90 пайызы электронды форматта жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың басынан бері көші-қон қызметі басқармасымен жалпы 25 516 қызмет көрсетілсе, оның 25 272-сі электронды түрде, 244-і қағаз нұсқасында рәсімделген.
Қазіргі таңда Қазақстанда тұрақты тұруға, шетелге тұрақты кетуге ниетті азаматтардан өтініш қабылдау, еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және оның мерзімін ұзарту, сондай-ақ шетел азаматтарын уақытша тіркеу жұмыстары "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылуда.
Статистикалық дерекке сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қызылорда облысы аумағында 4167 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған. Оның 4093-і ТМД елдерінен, ал 74-і алыс шетелдерден келген. Облыс көлемінде көші-қон процестерін бақылау мен реттеу мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Жыл басынан бері өткізілген екі кезеңдік рейд барысында 432 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша көші-қон заңнамасын бұзған 265 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 110-ы ел аумағынан шығарылған. Сонымен қатар тіркеу мерзімін сақтамаған Қазақстан Республикасының 167 азаматына әкімшілік шара қолданылған.
Бүгінде Қызылорда облысында 382 шетел азаматы тұрақты тұрып жатыр. Оның ішінде 343-і ТМД елдерінен, ал 39-ы алыс шетелдерден. Олардың арасынан 82 этникалық қазақ (қандас) ретінде тіркелген.
Биылғы жылы Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген 10 шетелдіктің құжаттары қабылданып, тиісті шешім шығарылған.
Сонымен қатар брифингте халықты құжаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері 21 мың азаматқа жеке басын куәландыратын құжаттар рәсімделіп, табысталған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарды, зейнеткерлерді, көпбалалы аналарды және мүгедектерді құжаттандыру мақсатында көші-қон қызметінің және ХҚКО-ның мобильді топтары олардың үйлеріне барып, тиісті қызмет көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін 70-тен астам тұрғын осы қызмет түрін пайдаланып, құжаттарына қол жеткізген.
Жиын соңында Сағындық Қамитбеков атқарылып жатқан жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, көші-қон саясатын тиімді жүзеге асыруда қоғаммен байланыс пен ақпараттың ашықтығы маңызды екенін атап өтті.