Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада мектеп түлектеріне кәсіби бағдар берілді

Қызылордада мектеп түлектеріне үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру мақсатында бірқатар аудандарда кездесу өткізді. Атап айтқанда Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Қармақшы және Сырдария аудандарының мектептерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесінің инспектор-полиграфологы Ұлбала Бегимова мен №60 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспектор-психологы Моншақ Маханова қатысты. Мамандар мектеп түлектеріне құқық қорғау саласында білім алудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы кеңінен баяндады.

Кездесу барысында оқушыларға ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда академияның тарихы, материалдық-техникалық базасы, оқу үдерісінің ерекшеліктері мен күндізгі оқу бөліміне қабылдау шарттары түсіндірілді. Сонымен қатар арнайы бейнеролик көрсетіліп, курсанттардың өмірі мен оқу барысы таныстырылды.

Мамандар түлектерге аталған оқу орнын тәмамдағаннан кейін қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарудың артықшылықтарына да тоқталды. Олар мемлекет тарапынан ұсынылатын әлеуметтік кепілдіктер, тұрақты қызмет пен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы айтып өтті. Бұл бағыттағы ақпарат жастардың болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына негіз болары сөзсіз.

Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан толық әрі нақты жауап алды. Ашық форматта өткен жиын жастардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырды.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті болашақ кадрларды даярлау және кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру